Аягөз жаңалықтары

Аягөз жаңалықтары Contact information, map and directions, contact form, opening hours, services, ratings, photos, videos and announcements from Аягөз жаңалықтары, Media, Х. Дюйсенова, 104, Ayagoz.
(8)

20/11/2017

МАРАПАТ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына арналған «Мәңгілік ел, Қазақстаным» атты Біріккен Араб Әмірліктері астанасы – Дубай қаласында «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен әлемдік фестивалінде Қазақстанның намысын қорғаған Аягөз қаласының кішкентай бүлдіршіні Серикова Құндыз бас жүлдені жеңіп алса, зағип жан Елшібекова Құралай “Алтын белгімен” марапатталды. Шәкірттерін осындай жетістіктерге жеткізгені үшін ұзтазы Сарбасова Аяулы ерекше алғыс хатымен (особая благодарность) марапатталып, үшеуі де Прага, Франция, Германия елдерінде өтетін байқауға жолдамамен оралды. Жерлестерімізді жеңісімен құттықтай отырып, зор денсаулық, жанұялық бақыт және творчестволық табыстар тілейміз.

20/11/2017

Әкемнің соңғы сөзі
(Әкеге сағыныш)

Әкем Балабеков Аяпберген 1995 жылдың желтоқсан айының 25-күні 86 жасында өмірден өтті.
«Өлетін күнімді білмеймін, басқаның бәрін сезем, білем», - дейтін. Қара тілдің шешені ретінде суырып салма ақындығымен дараланушы еді. Сөзінің өткірлігімен, өзекті тіліп өтердей ащы шындығымен айтылған әзіл-оспақ, сын-мысқыл сөздерімен ел есінде қалған.
Әкем марқұм тура айтатын, өткір сөзге шебер адам болған. Сондықтан да атқамінер бастықтар қауымы ол кісіден ығып жүретін.
Құмалақ салып болжамдар жасайтын. Жыл мезгілдеріне қыстың ерте түсіп немесе маусымның малға жайлы болатынын тап басып айтып отыратын. Тарих пен шежіре, бата-тілек, қисса, жыраулар, батыр-билер тарихына келгенде айтқан бір сөзі екінші қайталанбайтын. Қалжың, әзілдерді келістіріп айтып, аяқ асты өзіңе өлең шығара салатын, сері жігіт болған. Содан болар, үйден қонақ үзілмейтін. Осындай бір қонақтарға өлеңді соғып отырып ара-арасында әдепсіз сөздер де кетіп қалады. Мұны естіп отырған шешеміз «Әй, Айеке, дұрыс сөйле, ар жағыңда әйел адам отыр», - дейді. Сонда:
- Қанжаным –шаршағанда әлім ғой,
Қарын ашқанда нәрім ғой,
Қиындықта сүйеу болар жаным ғой, - деп өлеңдетіп отырады.
«Осы күнге ауырмай-сырқамай жеткенім де ағайынның арасындағы береке-бірлік пен көтеріңкі көңіл-күйдің арқасы ғой» дейтін. Дуалы ауыздан әмәнда дұрыс сөз шығады.
«Дүние кіммен жолдас болғандай» - бұл әкемнің сүйікті сөзі. Иә ел-жұрт кімнің кім екенін жақсы біледі. Біледі де есімдерін қадірлеп айтып жүреді. Ел ішіндегі сол кездегідей белгілі ақындармен сөз қағыстырып айтқандары туралы да айтып отыратын.
Балқаш жақтан жалғыз жігіт болып келген Айекеңді сөзден тосындыру мақсатында бір үлкен жиын-тойда әйел адамды арнайы дайындап айтыстырыпты. Айтыстың ұзын-ырғасын ұсынбай қысқаша тоқталар болсақ, сөзден жеңіліп келе жатқан әйел адам Айекеңді мұқатпақшы болып мына бір өлең жолдарын айтқан екен:
Айекең жарымаған жалшы маған,
Ит мініп, кендірменен қамшылаған.
Балқаш жақтан қаңғырып келген жігіт,
Олжаңды алақанға салшы маған.
Сонда Аяпберген әкеміз:
Иә, мен жарымаған, жалшы маған,
Ит мініп, кендірменен қамшылағам.
Олжа күтсең, ал, енді қолыңды жәй,
Қос жұмыртқам мінекей аршылмаған, - деп елді қыран-топан күлкі қылған екен. Мұндай ащы әзілге шыдамаған әйелдің жұрты әкемізді қамшылап тастапты. Ертесінде қатесін түсінген жұрт ат-шапан айыбын төлеп, кешірім сұрап жолына салған екен.
Өткір тілді әзілкеш әкеміз шешемізге үнемі аяқ-қолын уқалатып қояды екен. Бір күні күндегідей емес, төсегінде тыныш жатқан шалын көріп анамыз «бүгін тыныш жатыр, жұмыстарымды істеп алайын» - деп 2-3 сағат жанына жоламай өз тірліктерімен айналыса береді. Сәлден кейін барса шалының әлсіреп жатқанын көреді, дәрігер шақыртады. Дәрігер келгенше Бижанов Бауыржан деген азамат әкеміздің кеудесін уқалап, ақсақалды тілге келтіреді. Сонда әзілкеш әкеміз езуіне күлкі үйіріліп: «Әй, Бауыржан, арғы дүниедегі әкеңе сәлемің бар ма?» - дейді.
Бауыржан: «Айеке, қайдағыны айтпаңыз, сізге әлі ерте» деп салады. Сонда ақсақал: «Әй, кеш қаласың-ау», - деп әзілін жалғайды. Сонан бар күшін жиып далаға шығып, толық дәретін алып келіп, бір кесе сүт ішіп өз төсегіне барып жантайып, кешкі сағат оннан аса ұзын сапардан жаяулап жолаушылап келген жолаушылардай көзі жұмылып, азды-кемді сұлық жатады да, бірқауым ағайын-туыс, бала-шағаларының көз алдында еш қиналмай, бет әлпетінде ешбір уайым-қайғы, реніш нышандары білінбей, бақиға аттанып кетті.
Ал, ол жаққа барған із бар, қайтқан із жоқ, көріп-білмеген бейтаныс жұмбақ ғалам...
Жаратқан иеміз адам баласын үш бөліп ұстаймын деген екен: жер бетінде, жер астында, адам құрсағында. Екі әлемнің тұрғыны болып жатырмыз, Иә, жер беті, жер асты.
Өлінің қамын тірі жер,
Тірілер бірін-бірі жер.
Тірлікте қашқан қадірің,
Өлгенде ғана білінер.
Жоғалтып алған асылы,
Айырылғанда білінер.
Бір күні біз де барамыз,
Сен аман болғай сірі жер,- деген екен ақын Нұрлан Мәукенұлы. Осы бір естелікті айтып отырғаным самайы мен сақалын боз қырау шалған қарияны көрсем марқұм әкемнің бейнесі көз алдыма келіп, есіме түседі. Жастау кезім. Бірде қызмет бабымен облыс әкімінің алдына барып атқарылған шаруаларға есеп беріп отырғам, ол кісі әңгімені ортадан тоқтатып «Қарт әкеңнің қалы қалай?» - деп сұрақ қойды. «Күйкі тірлік күйбеңнен бір айдан астам уақыт бойы ол кісіні көрмеп едім»- дедім. «Жұмысың жақсы ғой...дегенмен ақсақалды сағындырмай жанына барып ақылын алып жүргенің дұрыс. Уақыты жеткенде сол құйма құлақ ақсақалды сағынатын боласың. Арғы дүниеге өтіп кеткен асыл бейнеге деген сағыныштың уыты қатты болады. Сондықтан қолыңды мезгілінен кеш сермемеуді ойлан» - деді ойлы көздерін алысқа қадап қоңыр үнмен.
Өзім де бала өсіріп, немере бағып отырған осы шағымда марқұм әкемнің айтқан әңгімелері есіме түссе жүрегім сыздап қоя береді. Алла тағала аз ғана сәтке болса да, өткен шаққа оралатын болса сол бір орта бойлы, ширақ қимылды, шымыр денелі әкемнің жанына отырып армансыз әңгімелерін тыңдар едім. Қайнаған жұмыс қазанында жүрсем де, күнделікті таңда аманын алып, қайырлы түнін тілеп, қасында болар едім.
Қызмет, жұмыс, жауапкершілік деп жүріп көңіл бөлмеген шақтарымның қарымтасын ай бір қайтарар едім ғой,--деген орындалмас арман жан-дүниемді осып өтеді. Күйген жерімді онан сайын күйдіре береді, жаныма шоқ басқандай қариды.
Ата-аналарымызды тірі күнінде қадірлеп, шамамыз жеткенше жандарына қаяу салмай өтейікші, адамдар. Егер сол кісімен тілдесуге бір секунд уақыт берілсе «Сағындым, сағындым» - деп айтып үлгерер едім. Сағыныштың сазынан шыққан көз жас.

Дәулетқали Аяпбергенұлы.

20/11/2017

Еңбегімен еленген азамат

Өзі өмірден өткенмен, тірлікте істеген жақсы істері жүрекке шуағын төгер мәңгі естелік болып қалатын асыл жандар болады. Солардың бірі – елудің екеуіне аяқ басқан шағында өмірден өткен – Базаров Тоқтабаян (Тоқан) Базарұлы еді.
Тоқтабаян (Тоқан) Базарұлының әкесі Базар—руы Жанбике. Базар ақсақалдың аты Ақсуат өңіріне мәлім. Ақсуат ауданы ғана емес, тау тұлғалы Базар ақсақалды Тарбағатай өңірінің күнгейі мен теріскейі түгелге жуық білген. Себебі атан түйедей бойы бар, аңғарлы ойы бар, кереметтей кесек тұлғалы, бөлек бітімді Базар ақсақалдың болмыс-бітімі ғана емес, мінез-құлқы да өзгеше еді дейтін ол кісіні көргендер. Көп білгенімен көп үндемейтін, шешілмес жерде шешіліп, есілмес жерде есілмейтін бұйығылау, кімді болса да мысы басып тұратын жан болыпты. Бір сөзді, зерек те, іске мығым, қайрымы мол, алды кең кісі екен. Елде етек алған ашаршылық жылдарында бір ауылды бір өзі даласымен-құсымен асыраған кәнігі аңшы болыпты. Аңшы болғанда қолынан мылтығын тастамаған аңшы екен. Базар қарияның мергендігін айтқанда «Құралайды көзге атқан мерген еді» деп отыратын сол өңірдің үлкендері.
Бір емес бірнеше кісілік әлі бар Базар ақсақал жасында жауырыны жерге тимеген палуан Базар, ашаршылық жылдарынан бастап аңшылық үйреншікті кәсібіне айналғандықтан аңшы Базар, тойларда топ алдын бермейтін жүйріктерімен жұрт назарына ілінгендіктен атбегі Базар деумен қатар, Бандыны қуған батыр Базар атаныпты.
Сол өз заманының заңғар тұлғасы болған Базар ақсақалдың ұлы Базаров Тоқтабаян Базарұлы 1951 жылы Ақсуат ауылына дүниеге келген. Тоқан Базарұлы онжылдықты бітіргеннен кейін Өскеменнің құрылыс-жол институтына түсіп, инженер-құрылысшы мамандығын алды. Институттан кейін 1974 жылдан 1976 жыл аралығында «Ақсуат» совхозында еңбек етті.
Тоқан Базаровтың 1976 жылдың күзінен бастап, өмірінің соңғы сәттеріне дейінгі кезеңі Аягөз өңірімен байланысты.
1976 жылы шаруашылық есептегі Аягөз «Жилгражданстрой» құрылыс учаскесіне мастер болып қабылданған, кейіннен прораб болды. 1984 жылы Аягөз кірпіш заводының директоры болып тағайындалды. 1988 жылы аудандық жылжымалы механикаландырылған колонна бастығы қызметіне бекітіліп, көп ұзамай «Семей облпромстрой» бірлестігінің Аягөздегі жылжымалы механикаландырыған колоннасына бастықболып тағайындалды.
1989 жылы аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары болды. 1991 жылы қалалық атқару кмитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып, кейіннен әкімшілік болғанда да осы қызметті жалғастыра берді.
1995-1996 жылдары аудан әкімінің орынбасары болған Тоқан Базаров басқа жұмысқа ауысып, Аягөз қаласы әкімінің шешімімен Аягөз нан заводының директорына тағайындалды. 1997 жылы нан заводы «Аякөз-нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылғанда директоры болып сайланды. Аягөзде тұрып, Аягөзде өсіп-өнді. Жұбайы Сәуле Мұқанқызы Аягөз ауданы Ақшатау ауылының тумасы. Өскеменнің педагогикалық институтын бітіріп, еңбек жолын ұстаздықтан бастап, қазірде аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін атқарып келеді. Тоқтабаян Базарұлы жұбайы Сәулемен төрт бала тәрбиелеп өсірді. Олар: Айгүл, Нұргүл, Салтанат және Ұлдай атты қыздары. Немерелері бар. Олар: Баян, Аяулым, Асылай, Әділжан, Әдемі, Ерсұлтан (Базаров), Нұрай, Нұрсая, Дінмұхамет, Динсар, Аделя, Дамира, Альсара.
Тоқтабаян Базаров та кесек тұлғалы, келбеті келісті, мінезді, өз заманының ел таныған азаматы болды. Ол дүниеден озғанда туған мына бір ақынның жоқтау өлеңі соны айғақтайды.
Ол Барқытбел ұланы,
Ер Қабанбай ұраны.
Отау тіккен, жар сүйген,
Болды Аягөз тұрағы.
Жампоз еді,жақсы еді,
Бәйтерегі құлады.
Құштар еді өмірге,
Қанбай кетті құмары.
Соны ойласа жарының,
Жанарын жас жуады.
Өксік келіп тіреліп,
Алқымында тұрады.
Орнында бар оңалар,
Артында ұрпақ ұланы.
Мінажат қып сол ұрпақ,
Тағзым етіп тұрады.
Әулетінің бұл өлең,
Дұға-тілек, құраны.
Кезінде Тоқан Базарұлымен үзеңгілес еңбек еткен, бүгінде ел ағалары болып отырған Амангелді Керімтаев пен Кәкен Баяхметовтың жақсы ісімен, білікті басшылығымен Аягөз елінің жадында мәңгі сақталып қалған осы арыс азамат туралы айтқан естеліктерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Амангелді Керімтаев: Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде өте қиын жағдай қалыптасты. Зауыт-фабрикалар жабылып, елді жаппай жұмыссыздық жайлап, бюджет саласында қызмет істейтіндердің айлығы, қариялардың зейнетақысы кешіктіріліп берілді. Көптеген шаңырақтың ырысы мен берекесі ыдырап, қоғам әлеуметтік қопарылыстардың сәл-ақ алдында тұрды. Осындай қиын-қыстау кезде қаншама ауыр жағдайларды бастан өткерсе де, бәріне төзімділік танытып, тығырықтан шығудың жолын тапқан ардақты азаматтарымыздың бірі – Тоқан Базарұлы еді.
Ол түрлі ауыр салаларда, сауда, құрылыс жұмыстарында үлкен жауапкершілік және адалдықпен беріле қызмет атқарды. Тоқан өзінің өмір сүйгіштігімен ерекшеленді. Адамгершілігі мол болды, көпке сыйлы болды. Ешкімнің де ала жібін аттаған жоқ. Жалпы, сол кезеңде, барлығымыз халыққа адал қызмет етуге ат салыстық.
Тоқырау жылдары аудан атқамінерлері Кәкен Байахметов, Тоқан Базарұлы, Марат Көпжасаров, Мұхтар Темеков, Әскер Асқаров, Аманжол Арғынгелдин, Бейсен Нақышбековпен бірге қызметтес болдық. Осы жігіттер халықтың бел ортасында жүріп, уақыт қиындығын бірге көтерді. Бір ерекшеліктері олар жұмысқа, халыққа адал қызмет атқара білді. Олардың ауызбірлігі, ынтымағы арқасында түрлі қиын мәселелер өз шешімдерін тауып жатты. Сол ауыр кезеңде халық бізге сенді. Олар нағыз ұжымдық жұмысты көрсете білді. Уақытпен санаспай жұмыс істеді.
Мен аудан басқарған 4-5 жыл ішінде бірде-бір арыз-шағым үстімнен түскен жоқ. Осының барлығы бірге жұмыс істеген жоғарыда атап өткен ардақты азаматтардың халыққа деген адал қызметі деп түсінем. Солардың жуан ортасында Тоқан да болғандығын мақтанышпен айта аламын.
Кәкен Баяхметов: «Өмір-дарияның толқындары сырғып аққан сайын, күні кеше ғана жаныңда жүрген жақсы аға-інінің бақи дүниеге мәңгі сапар шегуі – табиғи заңдылық тәрізді. Мен Тоқан Базарұлын сонау 1986 жылдан білемін. Ол кезде Тоқан Сергиополь кірпіш зауытында директор болып жұмыс істейтін. Мен «Аягузсельстрой-Трест»-тің құрылысты механикаландыру мекемесінде жұмыс атқарғанмын. Жұмыс саласының байланысты болғанының арқасында араласып кеттік.
Содан Союз тарап, Қазақстан тәуелсіздік алып, ауданымызға 1992 жылы әкімшілік жүйесі орнап, сол кездегі ауданның бірінші әкімі Керімтаев Амангелді Қабжанұлының тағайындауымен екеуміз орынбасар ретінде аудан әкімшілігіне келіп, қатар жұмыс атқардық.
Ол кез аудан үшін, жалпы Республика көлемінде қиын кездер болды. Өндірістік қарым-қатынастар үзіліп, көп өндірістер тоқтап, халық жұмыссыз қалып, зейнеткерлер зейнетақы ала алмай, бюджеттік саладағы қызметкерлер еңбек ақысын ала алмай жатқан кез болатын. Мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемдер мүлдем тоқтаған кездер.
Ол кездегі мақсат аудандағы өндірістерді сақтап қалу, халықты тұрақтандыру, көші-қон мәселесін тоқтату, әлеуметтік жағдайды шешу—басты мәселе болатын. Сол кездегі аудан әкімі Амангелді Қабжанұлы Керімтаевтың іскерлігімен, болашақты болжай білгенінің арқасында аудан осы қиын мезгілден сүрінбей шықты.
Бүкіл әкімдік аппараты, өндіріс, ауыл басшылары жауапкершілікпен жұмысқа жұмылдырылды. Соның қатарында Тоқан Базарұлы жауапкершілікпен, адамгершілікпен, ынта-жігерімен, уақытпен санаспай еңбек етті.
Бір мысал--жұмыссыз қалған халықтың көпшілігі өмірінде айналыспаған сауда жұмысын игере бастады. Қалада шағын кәсіпорындар (магазин, кафе), жеке кәсіпкерлер сауда саласында пайда бола бастады. Тоқан өз жұмыс-міндетінде құрылыс және сауда бағыттарымен айналысатын болған соң, осы сауда саласына күш шығарып, дамуына үлес қосты.
Тоқан ешкімге жамандық ойламайтын, атақ-даңқ қуған емес. Сондықтан болар, Аягөз қаласында жұмысы құлдырап, тоқтау алдында тұрған нан зауытына өзі сұранып, «өндірісте жұмыс істейін» деп зауытқа директор жұмысына ауысты. Зауыттың жұмысын жандандырып, қаланы, бүкіл Оңтүстік қалашықта орналасқан әскери дивизияны нан өнімдерімен қамтамасыз етті, қаладағы «нан» проблемасын шешті. Тізе берсең істеген шаруа көп. Өкінішке қарай, Тоқан Базарұлы өмірден ерте, 51 жасында кетті.
Тоқан өмірде көп сөзі жоқ, іскер азамат еді. Бірақ жолдастар арасында, әсіресе той-думанда, бір басқосарда көңілді отырушы еді, әзіл-қалжыңы бар, ел күлетін бір сөздер тауып, көңілді көтеріп отырушы еді. Семья жағдайына келсек, жақсы әке болып, бала өсірді.
Тоқанның жатқан топырағы торқа болсын, жаны жәннатта болсын, жасамаған жасын, атқара алмаған арманын ұрпағына атқаруға жазсын».
Иә, қарапайымдылығын, салмақтылы-ғын, кішіпейілділігін еске алып, ақындар айтқандай:
Неге кеттің жүректерді сыздатып,
Неге асықтың бұл жалғанды мұздатып.
Неге саған тағдыр берді аз уақыт, - деп бірге болған әріптестері әрқашанда еске алады.
Талай арыстарын өмірдің көгіне қанаттандырған Аягөз өлкесінің тағылымды тарихи жолында асыл азамат, білікті басшы – Тоқан Базарұлының да өзіне тән ізін қалдырғандығы анық.

Думан Аманжолұлы.

20/11/2017

Республикалық «Сайра, бұлбұл!» конкурсы

Таяуда Алматы қаласында «Талант тайжарыс» қоғамдық қорының Президенті, «Қазақ радиосының» жүргізушісі, журналист Г.Бостанның ұйымдастыруымен «Сайра, бұлбұл!» атты республикалық конкурс өтті. Аталған конкурсқа №5 жалпы білім беретін орта мектептен оқушылар қатысып, «Көркемсөз» номинациясы бойынша 3-сынып оқушысы Мелисханов Бекжан бас жүлдені иеленсе, 7- сынып оқушысы Маутханов Дастан ІІ-орынды иеленді. «Вокал» номинациясы бойынша бас жүлдені 4-сынып оқушысы Тұрсынова Марал мен 5-сынып оқушысы Мұхтар Ақтілеу иеленді. 9-сынып оқушылары Аханова Наргиза мен Дауренова Аружан ІІІ-орындарды иеленді.
Шәкірт бойынан талантты танып, оны жетелеп сахнаға шығуына алтын көпір болған ұстаздар Аптимова Серикжамал Ихсановнаға, Сабырбекова Гульжан Мухаметказиновнаға, Кулынтаева Кулжан Ертаевнаға алғыс айта отырып, шығармашылық табыс тілейміз! Мектебіміздің мақтанышы болған жүлдегерлерді жетістіктерімен құттықтаймыз!

Еламан Хайсаұлы,
№5 жалпы білім беретін орта мектептің 8 «Г»сынып оқушысы.

20/11/2017

Аудан әкімінің жүлдесіне жайдарман!

Аягөз ауданы әкімінің кубогіне арналған “Рухани жаңғыру - рухты жастар” атты облыстық жайдарман чемпионаты өтті.
Ойынның мақсаты жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың шығармашылығына қолдау көрсету, бос уақыттарын тиімді пайдалануларына ықпал ету, жастардың қоғамдағы орындарын нақтылау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, «Жайдарман» топтарының дамуына үлес қосу.
Ойында Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Б.Сүлейменов, Аягөз аудандық сотының судясы Б.Каджиакпаров, «Мөлдір сана» газетінің аға тілшісі М.Бакимбаева, ардагер жайдарманшы Р.Қалиев және де облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры, жастар жанашыры А.Есимбекова төрешілік етті.
Сайысқа облыс бойынша 10 команда қатысты. Атап айтқанда, Абай ауданы «Сәлем» тобы, Жарма ауданы «Жарма құрамасы», Көкпекті ауданы «Көкжайық» құрамасы, Катонқарағай ауданынан «Селт еткізер» командасы, Өскеменнен «Қамажай» және «Көзайым» топтары, Семей қаласынан педагогикалық колледжінің «Әуезов» құрамасы және де Аягөздің үздік командалары бақтарын сынады.
Ойын қорытындысы бойынша Аягөз ауданы әкімінің кубогын Өскемендік «Қамажай» құрамасы иеленді, ІІ орын Абай ауданынан келген «Сәлем» командасына бұйырса, ІІІ жүлделі орынды Аягөздік «Махаббат станциясы» қанжығаларына байлады.
«Жайдарман» жоғары деңгейде өтіп, көрерменнің көңілінен толықтай шықты.

20/11/2017

Түнгі Аягөз

Бүкіл әлемде кешкілік шоу-бағдарламалар үлкен танымал-дыққа ие болып, телеарналарға үлкен рейтингтер беріп жатыр. АҚШ-тың «Late Night Show» жобасы, Ұлыбританиялық «The Graham Norton Show» жобасы және Ресейдің «Вечерний Ургант» жобасы әлем назарын аударған жобалар қатарында. Осы бағдарламалар желісінде «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» бағдараламасы да қазақ телевизиясының төрінде өзіндік орыны бар жобалар қатарында.
Осындай бастаманы алға қойған аудандық «Жастар орталығы» Аягөз жерінде алғаш рет түнгі жоба ұйымдастырып, ашылу салтанатын жасады.
11 қараша күні кешкі сағат 20:00 –де бағдарлама алғаш рет Аягөз жерінде бастау алды. «Түнгі Аягөз» атты жаңа мега жобаны жастар әлеуметтік желі арқылы тарататын болады. Бұл жобаның ерекшелігі: бағдарламаға келген қонақ пен жүргізуші арасында еркін сұхбат жүріп, белгіленген бір тақырып аясында емес, кез-келген тақырып бойынша әңгіме өрбіту. Студияда орынды қалжың арқылы саяси сынаулар мен ойландырар сауалдар қойылып, келген қонақтармен түрлі тақырыпта ойындар жүргізіледі. Белгілі қоғам қайраткерлері, жергілікті жерден шыққан ақын–жазушы, өнерпаз, спортшы, тіпті мықты саясаткерлер де «Түнгі Аягөз» жобасының қонағы болады. Жоба аптасына бір рет кешкі уақытта түсіріліп отырады.
Негізгі мақсат: ел алдында жүрген аға буын өкілдерін, талантты жастарымызды елге басқа қырынан танытып, халықпен етене жақындастыру.
Алғаш жобаның қонағы болып, ашылу салтанатында лента қию рәсімі Семей КВН филиалының директоры, «Жайдарман» жүргізушісі Е.Енкебаев пен Облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры А.Есимбековаға бұйырды. Кеш жүргізушілері түрлі тақырыпта сұрақтар қоя отырып, сұхбат алаңын құрды. Қонақтармен әзіл ойын ойнап, көпшілікке жаңа қырларымен танытты.
Кеш жүргізушілері «Аягөз» құрамасының белді ойыншылары, жайдарманшы, Аягөздің жұлдыздары Азамат Турсбек пен Дархан Пшембай болды.

Жастар орталығы.

20/11/2017

Мемлекеттік бағдарлама

ҚАРЫЗҒА БАТҚАН ҚОҒАМ

Қарыз - азаматтық құқықта екі тараптың, беруші мен алушының арасында жасалатын келісім-шарт түрі. Қарыз бойынша пайыз алуға тек заңда көзделген реттерде және белгіленген тәртіппен ғана жол беріледі.
«Ақша – қолдың кірі» десек те, бәріміз сол ақшаға тәуелдіміз. Киер киім, ішер ас, ауырсаң емің, тіпті, арманыңның бастауында ақша тұр. Қаржылық сауатымыз төмен болғандықтан шығар, тапқан табысымыздан да көп жаратуға құмармыз. «Ақша – таусылатын ресурс» екенін ескермей, орынды-орынсыз жаратып, соңында қарызға белшеден батамыз. Ал оның зияны ұшан-теңіз. Қолда бар қаржы қызметі түрлерін дұрыс ұқсата алмағандықтан, кейбірі алаяқтарға да жем болады. Ал оның үстіне төмен пайызбен алынған несие қаражаты бізге тегін келгендей берекетсіз шашуға жол береді.
Статистикалық ақпаратқа сүйенсек, ел азаматтарының ішінде еңбек ақысының 62%-ы азық-түлік сатып алуға. 17,1%-ы міндетті төлемдерін өтеуге жұмсаса, 4,3%-ы ғана өз қаражатын жинақтайды екен, 3,3%-ы валюта сатып алуға асығады. Ал, несие, алимент және міндетті төлемдерді төлеуге келгенде бостық танытып, жауапкершіліктен қашатындар көп. Пәтер, көлік, қымбат ұялы телефон, әдемі киім, 500-1000 адамға арналған той жасау – ел азаматтарының өміріндегі негізгі басымдық. Егер тұрғындардың орташа жалақысы шамамен алғанда 50 мың теңге болса, бұған қалай қол жеткізуге болады? Жауап біреу – қарыз алу. Тек бүгінгі күннің өзінде банк халыққа 175 млрд. теңге тұтынушылық несие беріпті. Бұл аз ақша емес. Ал оның сұрауы бар екенін тек бір айдан кейін, төлейтін уақыты жақындағанда санасына жетеді.

Несиені өтеу де абырой

Тәуелсіз мемлекетімізде бизнесті, шағын кәсіпкерлікті дамыту, ауылшаруашылығын өркендетуде ауқымды бағдарламалар қабылданып, жанды көмектер беріліп жатқаны рас. Өз кәсібін ашсын, малын өсірсін, еңбек етсін дегенді мақсат еткен бағдарламалардың бірі «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы».
Жалпы сандарды сөйлетсек, ауданымызда «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде 2011-2015 жылдар аралығында СПК «Ертіс» Ұлттық компаниясы арқылы 8 несие серіктестігімен 44 келісім шарт жасалып, ауданнан 364 адам 1002,8 млн. теңгеге шағын несие алды. Олардың несие алудағы негізгі мақсаты мен міндеті шағын кәсіпкерлікті дамыту: мал өсіру, өз бизнесін өркендету. Міндетті түрде салық басқармасында тіркеуден өтіп, кем дегенде бір адамды жұмыспен қамту. Осы талаптарды орындау олардың бизнес жоспарларында қаралған.
Айтпақшы осы аптада өткен аппараттық мәжілісте бұл бағыттардағы жұмыстары жүйесіз жүріп тұрған Баршатас және Мыңбұлақ ауылдық округ әкімдері аудан басшысының қатаң сынына да ұшырады.
Салық басқармасының мәліметі бойынша Баршатас ауылын алатын болсақ, 35 несие алушылардан тек 12 адам ғана салық басқармасында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Дәл осындай жағдай барлық ауылдық округтерде және қалада орын алып отыр екен. Алғашқы күннен «мемлекеттен аз қамтылған отбасыларына берілген көмек, қайтарылмауы мүмкін» деген теріс ойды санасына құйып алып, әлі де осындай ойларынан арылмай жүргендердің несие қарыздары үстеме пайызбен көтеріліп, бүгінгі күнге СПК «Ертіс» Ұлттық компаниясының алдындағы қарызы 333 238 890 теңгені құрады.
Алмақтың да салмағы бар екенін ұғынып мерзімінде қарыздарынан құтылып жатқан ағайындар да болды. Қаржылық сауатсыздық салдарынан алған несиені әне-міне қайтарамын ғой деп, ұзын арқан кең тұсаумен жүргендер де кездесіп жатты. Өмір болған соң түрлі жағдайлар болады. Ешкім де тосын келген қауіптен толық қорғалған емес. Ол да түсінікті. Қарыз қайтаруда қилы тағдырлар мен қиын жағдайлар ескеріліп, борышкерлерге жеңілдік көрсету мүмкіндіктері де қаралуда екен.
Аудан бойынша 364 несие алушылардан 76-ы өз несиелерін толық өтеп шықты, 93- кесте бойынша уақытында төлеп отыр, 195-і бүгінде қарызын төлеуден жалтарып, әр түрлі айла-тәсілдерді қолдануда. Тіпті ауданнан ізін суытып, табанын жалтыратқандар бар. Алматы облысына көшіп кеткен 3 азаматқа заңды түрде іздеу салыныпты. Екі адамның атынан өздері алмағаны жайында құқық қорғау органдарына өтініш берілген. СПК «Ертіс» Ұлттық компаниясының он айлық есебі бойынша жоспарлы төлем 862 501 671 теңге есептелген, одан қайтарылғаны 584 709 656 теңге немесе қарыздың тек 62% қайтарылған, 277 792 015 теңге мерзімі өтіп кеткен берешек.
Аз қамтамасыз етілген отбасыларының несие өтеу мүмкіндіктерін Ұлттық компания саралай келіп, үш қайтара өсімсіз негізгі несие қарызын өтеу акциясын жүргізді. Нәтижесінде Аягөз ауданы бойынша 6 602 300 теңгеге өсімдер шегерілді. Бұл қиналған жандар мен қамыққан ағайынға ұлттық компания тарапынан көрсетілген көп-көрім әлеуметтік демеу екенін білу қиын емес деп ойлаймын. Айтпақшы осы акцияның мерзімі 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылып отыр. Жақында СПК «Ертіс» Ұлттық компаниясының әкімшілігімен хабарласқанда естіген жағымды жаңалығыммен бөлісейін. Бір келісім шарттағы бірлескен жауапкершілікпен алған борышкерлер бірігіп, негізгі қарызды толықтай жабуға өтініш білдірсе, осы топқа есептеліп тұрған үстем ақы шегерілетіні жайында айтты. Бұл көмектер сотқа дейін атқарылатын шаралар екен. Сондықтан көп шығынға ұшыраудың алдын алу үшін Сіздердің тараптарыңыздан ауызбірлікпен ұйымшылдық қажет.
Ел болғаннан соң түрлі алып қашпа әңгімелер де болатыны заңдылық. Өткенде бір танысым «аталмыш несиені төлемегендер үшін Үкімет барлық қарызды кешіреді екен, сондықтан қалған қарызды соза берсе, түбінде бір жылылық болып қалатын сияқты ма...» деген оқыс пікір айтты.
Осының мәнін сұрап біраз қаржыгерлермен сөйлестім. Өз ісінің білгірі ретінде ол азаматтар «бұл құр қауесет, жай дақпырт» екенін ескертті. Заң талаптарына сай жасалған келісім-шарт болған соң, қарыз қайтарылмай тынбайтынын жеткізді. Сондықтан жарияланған акцияларды халыққа мерзімінде пайдалы екенін кеңінен түсіндіру қажет. Оқырман қауымға түсінікті болу үшін нақтылай түссем. Мысалы, егер Сіздің бір тоқсанға кесте бойынша есептелген қарызыңыз 265000 теңге төленбеген жағдайда, күніне 0,1% үстемақы есептеліп, бір тоқсанға 25000 үстемақы қосылады. Ал, егер Сіздің қарызыңыз миллион болса ше? Онда қараптан қарап отырып қандай жағдайға ұрынарыңызды ойлай беріңіз. Сондықтан берілген мүмкіндікті мейлінше тиімді пайдаланайық.
Несие бірлескен жауапкершілікпен берілгендіктен, бүгінде несиені уақытымен кесте бойынша төлеп бітіргендер, несиесін төлемегендер үшін де жауапқа тартылуда. Сондай-ақ, жауапсыздықпен қарап, несиені алдым деп қолын қойып, ақшаны толық мен алмадым деген азаматтар да бар екен. Ол - ол ма? Өзі қол қойып, несие алмасада, алғандар тізімінде жүргендерін көріп, заң орындарына шағымданып жатқандар да бар көрінеді. Бұл мәселелердің ақ, қарасын заң орындары анықтай жатар. Алайда, мұндай ауыр қылмысқа барғандардың тартар жазасы жеңіл болмайтынын заңнан хабары барлар түсінетін болар.
Ерекше атап өтерлік жайт, «Кім қандай жағдайда несие алса да» мемлекеттік бағдарлама аясында беріліп отырған несиенің өтемі міндетті түрде жүргізіледі.
Қысқа мерзім ішінде борышкерлердің өз міндеттемелері негізіндегі несие қарыздарынын сомасын несие серіктестіктерінен анықтап,тездетіп өтегендері абзал.

Ермек Тұрсынұлы.

20/11/2017

АЙҒЫЗДА МЕШІТ АШЫЛДЫ

Күллі мадақ әлемдерді жаратқан Жаратушы Алла Тағалаға болсын!
Адамзат баласына екі дүние бақытын көрсеткен ардақты елші Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) сансыз салауаттар болсын!
Бұл өмірге келген әрбір пенде өзінің артынан өшпес мұра немесе өшпес із қалдырып кетсем деп армандайды. Оған жетер жол Ислам шариғатында жатыр.
Адамды рухани құндылықтар мен шынайы адамгершілік қасиеттерге үндейтін тағылымды ислам дініне қызығушылық төрткүл дүниеде күн санап көбеюде. Халықтың жай тобы ғана емес, ақыл ойы толысқан кемел тұлғалар мен атақты спортшы, әнші, саясаткерлердің сан жүзінің ислам дінін қабылдағаны туралы баршаңыз білесіздер.
Сөзіміз дәйекті болу үшін аз-кем тоқтала кетсек. Танымал француз зерттеушісі Жак Ив Кусто: «1962 жылы Атлант мұхиты мен Жерорта теңізінде зерттеулер жүргіздік.
Олардың сулары мыңдаған жылдар бойы өзара Гибралтар жағалауында ұштасып жатыр. Ондай жағдайда ғылыми тұрғыдан теңіз бен мұхит суларының атомдары араласып, фаунасы мен флорасына өзгерістер енгізуі тиіс болатын. Алайда, іс жүзінде ешқандай өзгеріс жоқ. Суларды көрінбейтін шекара бөліп тұрғандай. Мені бұл жағдай қатты қызықтырды. Мен оның жауабын табуға барымды салсам да, түк шықпады. Бір күні мен профессор Морис Букайганы жолықтырып қалдым. Ол маған жауабын мұсылмандардың кітабы Құраннан ізде деп кеңес берді”, - деп сөзін бастап, ол Құраннан іздеген сұрақтарының жауабын тауып, қатты таңырқаған.
“Құранда келесі сөздер жазылған: «Ол қосылып кету мүмкіндігі бар екі теңізді қатар ағызып қойды. Бірақ, араларына тоспа тастап, қосылмайтындай етті. Тәңірдің қай тағылымын жоққа шығара аласыңдар? Екеуінен де інжу-маржан шығады. Тәңірдің қай ізгілігін теріс дей аласыңдар?» (Рахман:19-23). Осыдан кейін менің көзім ашылып, исламға бет бұрдым. Қазіргі ғылымды он төрт ғасыр артқа тастаған Құранға ант етейін, ол – Аллаһтың хақ сөзі”, - деп капитан Кусто «Біз неге мұсылман атандық» деген кітабында өзі туралы жазады.
«Анна Каренина», «Воскресенье», «Война и мир» романдарының авторы Лев Толстой да хақ исламды қабылдап иманға бет бұрған. “Сіздер менімен бір діни сенімде болсаңыздар қатты қуанар едім. Сол кезде ғана мені түсіне алар едіңіздер. Бүгінде менде байлық та, атақ та жоқ. Менен достарым ғана емес, туыстарым да теріс айналды. Либералдар мен эстеттер мені есінен адасқан деп санайды. Мені Гоголь секілді алжасты деп, радикалдар қатарына енгізіп қойды. Православие дініндегілер мені, тіпті құбыжық санайды. Бұл маған өте ауыр тиіп жатқанын мойындауға мәжбүрмін. Сол себепті мені тек діндар мұсылман деп санауларыңды сұраймын”, - деп жазған Толстой.
Америкалық ғарышкер Нил Армстронг та айға сапарынан кейін ислам дінін қабылдаған. “Мен айға дұға етпей қондым, енді дұға етемін, мені мұсылман деп санай беріңіздер”, - деп жазған Нил өзінің “Ай Одиссеясының құпиялары, жұмбақтары және аңыздары” атты мақаласында. Армстронг, Олдринг және Коллинс алғаш рет “Аполлон — 11-мен’’ ай бетіне аяқ басқан сәтінде алыстан ашық тұрған үлкен кітапты байқаған деп жазады. Артынша, олар бір әуен естіген. Ғарышкерлер алғашқыда ол әуенді радио толқынының жаңғырығы болар деп те ойлайды. Бірақ, олар қонған ай бетінде радио толқындарын қабылдауы мүмкін емес болатын. Жердегі ғарышкерлермен байланыс орталығындағылар да арнайы байланыс құралы арқылы сол әуенді естіген. Ғарыш орталығындағылардың бірі «Дауыс жерден шықты» десе, енді бірі «Айдан келіп жатыр» деп тартысқан. Дауыстың қайдан келіп жатқанына нақты дәлел таба алмаған соң орталықтағылар бір байламға келе алмайды. Ғарышкерлер кітапты суретке түсіріп, әуенді таспаға жазып алады. Алайда оған ешбір ғылыми негіз таба алмағандықтан, тылсым дүниені жұмбақ күйінде құпия сақтаған. Арада он төрт жыл өткенде, 1983 жылы американдық ғарышкер, астроновт Нил Армстронг ғылыми конференцияға қатысу үшін Мысырға келеді. Конференция өтіп жатқанда, президиумда отырған Армстронгтың құлағына ай бетінде естіген құпия әуен қайта естіледі. Айдағы әуенді Жерде естіген Армстронг жан-жағына елеңдеп, түрі өзгеріп кетеді. Таңғалысын жасыра алмаған ғалым айналасындағылардан: «Бұл қандай әуен?» деп сұрайды. Олар мұның жай әуен емес, мұсылмандарды намазға шақыру белгісі – азан екенін айтады. Сонда Армстронг алғаш айға қонғанда осы дауысты естігенін айтады. «Осы дауыс! Менің алғаш рет айға қонғанда естігенім осы дауыс! Менің тұла бойымды шымырлатып, шып-шып тер шығарған осы дауыс», - деп таңданысын жасыра алмайды ол. Сол күннен бастап ғарышкер, астроновт-ғалым Нил Армстронг ислам дінін қабылдаған екен.
Ғалымдар азанның жер шарында 24 сағат бойы үздіксіз айтылатынын дәлелдеген. Біріккен Араб Әмірлігінің (БАӘ) математик-ғалымдары азанның айтылуы мәселесі бойынша арнайы зерттеу жүргізген. Зерттеу қорытындысын жариялаған ғалым Абдул Хамид әл-Фадил 360 сағаттық меридианнан тұратын жер планетасының әр меридианы бір-бірінен тура төрт минуттық интервалмен бөлінетінін есептеп шыққан. Ғалымның айтуынша, азан да орта есеппен 4 минут айтылады екен. Сондықтан да, азан бір мезгілде, бір меридианда айтылып бітсе, келесі меридианда басталып жатады. Сондықтан да, жер шарында азан 1440 минут немесе 24 сағат бойы үздіксіз орындалады.
Бір қызығы ғарышкер Юрий Гагарин де ғарыштан азан дауысын естіп, ислам дінін қабылдады деген қауесет тараған. Алайда, бұл қауесеттер ресми тұрғыда расталмады.
Жақында ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында Ресей президенті Владимир Путиннің де ислам дінін қабылдағаны туралы расталмаған ақпарат жазыла бастады. Осыған қатысты Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков “Интерфакске” берген сұхбатында «Lifenews» арнасының таратқан бұл ақпаратының шындыққа жанасатынын жеткізген. “Иә, ондай шешімнің қабылданғаны рас. Президент мырза маған бұл жайлы егжей-тегжейлі айтып берген жоқ. Бірақ, бұл оның жеке басына қатысты. Өз қалауы. Мен президент Владимир Путиннің бұл таңдауын құптаймын. Тіпті, бұл мені де қызықтырып жүр. Мен де қазір Құран оқып үйренудемін”, - дейді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Песков. Алайда, Ресей президентінің өзі болса, бұл мәселеге қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасаған емес.
Құрметті оқырман! Менің бұл жердегі мақсатым әлемнің айтулы тұлғаларының ислам дінін қабылдағандарын түгендеп шығу емес, Алланың хақтығына сенім білідіргендер саны мен санатының күн санап артып бара жатқанын көрсету.
Тәуелсіздігімен бірге оралған құндылықтарымыздың бірі ата дініміздің алтын діңгегіне бет бұруымыз. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мен жер-жерлердегі мешіттердің халықтың рухани құндылықтары мен адамгершілік дамуы бағытында атқарып жатқан игілікті істері көз көріп жүрген шындықтар. Ауданымызда да асыл дініміз қанатын кеңге жайып, хақты танып, биік адамгершілік мұраттарға ұмтылған жастардың көбеюі көңіл қуантады. Газетіміздің өткен сандарында Айғыз ауылдық округінде Алла үйі мешіттің салынып жатқаны туралы көлемді мақала бергенбіз.
Ауылдың-береке бірлігі, азамат-тардың ынтымағының арқасында сол бір сәулетті ғимарат та 5 ай, он күн дегенде салынып бітіп, салтанатты ашылуы болды. Мың теңгеден бастап миллиондаған қаржыларын қосып, қажыр- қайраттарын аямаған азаматтардың еңбегіне Алла разы болсын.
Естеріңізде болса «ауылымызда Алла үйінің жоқтығы – шымбайымызға қатты батып жүр» деген Айғыз ауылының еліміздің түрлі қиырларындағы азаматтары бастамашыл топ құрып, бірнеше жиын өткізгенін де айтқан едік.
Алматы, Семей қалаларындағы ірі жиындарға бармасам да сол ауылдағы бір жиынға барғанда, бастамашыл топтың жасап, алып келген жобасымен танысқанда «бұл керемет туынды оңайлықпен салынбайды-ау» деген ой түйгем.
«Бірлігі берік халықтың алмайтын асуы жоқ» деген сөз рас екен. Намысты деген азаматтар, бастамашыл топ нағыз нар қасқалық мінез танытты.
Айтарлықтай керемет құрылысқа үлес қосқандардың ішінде ірілі-ұсақты мөлшерде демеушілік жасаған мыңға жуық адамдардың тізімі бар екенін айтады. Еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін үлес қосты.
Қай уақытта да туған жер, өскен елім деп тұратын жерлесіміз Сабильянов Нұртай Салихұлы осы бір сауапты іске қаржысын да, қажыр қайратын да аямады. «Сауапты іс басталады» дегенде бастамашыл топпен хабарласып, елге келіп имандылық ордасының талапқа сай салынуы жолында үлгі өнеге бола білді. Ашылу салтанатына да арнайы келіп тұрғындар қуанышын бөлісуі, биік болмысының белгісі емес пе?! Аудан әкімі Бақытжан Кәкенқажыұлы және аудандық әкімшілік, аудандық Мәслихат хатшысы Сейілбек Абиырұлы бастатқан топтың да құрылысқа қосқан үлестерінің қомақты екендерін бастамашыл топ айтады.
Алматы қаласындағы «Алыс» ЖШС директоры Мамырбеков Дәулет, Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Тоқтар Серіков, Спорт туризм академиясының проректоры Есқалиев Мұхтар, Ішкі істер органының зейнеткер, отставкадағы полковник Сыдықов Марат. Астана қаласынан келген жеке кәсіпкер Жүндібаев Бауыржан, Мәдениет ауылының Дағанды шаруа қожалығының басшысы Жампозбаев Бақтыбек, басқа да жүздеген азаматтардың атымтайлығын айта кету керек. Өмірсерік Ақжігіт бас болып, Рахымжан Ербол, Саржанов Алмас, Рүстем, Орынбасар, Мұрат Көшербай, Төлеу, Мақсат, Жайлау, Дәрмен, Асан, Айдын сынды азаматтардың биік ұйымдастырушылық қасиеттері мен шығарған күші де көпшіліктің көз алдында. Тіпті, осы орайда Ақшолақов Мұхтар (Наурызбаев Айдынның досы) есімді азамат «досымның ауылында салынып жатқан имандылық ордасына тартуым болсын» деп, құны бір миллион тұратын азан шақыратын, басқа да мешітке қатысты аппаратуралардың комплектісін сыйға таруына қалай разы болмассың. Ауылдағы апа-әжелеріміз құрылыс жүрген 5 ай, 10 күн бойы құрлыс басындағы жұмысшыларға ас-ауқаттарын тасыды.
Ат бәйгесінің өтуіне және мешіт құрлысына да Толқынбай Талғат бастаған «Аягөз ат спорты» федерациясының үлесі де салмақты. Оспанов Бекен, Төлеутаев Секен, Оспанов Балғабек құрлыс материялдарын тасуға көмектесті. Тайлашұлы Аманай кірпіштерді жеткізуге көмектесті. Семей қаласындағы Нұрғалиев Дидар басқа да азаматтардың еңбегі баршылық.
Мұнараны ғана Аягөзден арнайы құрлысшы келіп көтерді демесеңіз қалған барлық істердің көпшілігі ауыл жастары өз қолдарымен салынды. Атап айтар болсақ: Сапаров Дәулет, Рахметоллаев Мерей, Сыдықов Нұржан, Бақтыбек Жандос, Есмұратов Жандос, Далбанов Айдос, Сапараов Руслан, Жақсылық Төлеужан, Жақсылық Рахым, Хасенов Ернұр, Төкенов Ерасыл, Рақымжанов Жалғас, Мұханов Елдар, Әбішов Нұрат, Тойлыбаев Еламан, Бауыржан Олжас, Ақылжанов Сәлімжан, Серіктаев Дәулет, Абланбеков Жәнібек, Мұқанов Медет, Сапаров Дарын, Жиенбаев Абай, Каримов Ерлан, Асхатұлы Елдар, Нұрахметов Жанболат
Сондай-ақ мектеп оқушылары: Абланбеков Әлібек, Төлеутай Ануарбек, Ерболұлы Нұрлыбек, Розиев Ақжан, Талғатұлы Мерей, Бақытұлы Тілектес, Тұраров Нұрлыбек, Ерболатов Медғат, Мырзаболатов Нұржан, Абланбеков Абылай, Аманжолов Ерасыл, Асқарбеков Даулет, Советов Нұрбол, Ерболұлы Таңжарық, Абланбеков Нұрбек, Оразғалиев Ақын, Салипов Нұр, Мердиянұлы Сұңғат, Сәкенов Эміл, Сәкенов Әли, Сапаров Дархан, Аманғалиев Арсен, Талғатов Нұрбол, Семейбекұлы Дінмұхамет, Рәтов Абылай, Алпыс Арнұр, Айтбатыров Әли, Еркінұлы Ернұр, Сапаров Әділет, Нұралы Аян
Бастауыш сыныптан бастап, жоғарғы сынып оқушылары, ауыл жастары болып ала жаздай құрылыс басында болды. Күндіз құрылыс жұмыстары, кешке таман мектептің спорт залында арнайы волейбол командаларын құрып алып ойнауы көз қуантады. Ауылдың барлық мал ұстаған шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер де аянып қалмады. «Ең бастысы біз ауылдың береке-бірлігі мен, ауыл азаматтарының ынтымағының арқасында осы бір сауапты істі аяқтадық», - дейді ауыл әкімі Мереке Ақылжанұлы.
Осының алдындағы мақалада да сауапты іске ат салысқан біраз азамттардың аты-жөндерін атағанбыз. Кей азаматтардың аттары аталмай жатса айып етпессіздер. Ең бастысы сан мың жылдар бойы сауабы үзілмейтін іске демеу жасаған ниеттеріңізге алғыс Жаратушы Алладан болсын.
Мешіт үйінің лентасын Парламент мәжілісінің депутаты Сабильянов Нұртай Салихұлы, аудан әкімі Бақытжан Кәкенқажыұлы Байахметов, ауылдың қариясы Садықов Ақан ата қиды. Мәрусә, Күлдария, Күлшағи, Кәмпәш, басқа да көптеген апа-әжелеріміз шашуларын шашты. Ауданның бас имамы Думан қажы Нәдірұлы, басқа да жамағат болып, жаңа мешіттегі алғашқы Жұма намазы оқылды. Әр түрлі қашықтықтарда ат бәйгелері ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.
Ауыл тумасы Төлеуханова Сәния Серікханқызы өзінің әріптестері Жарма ауданының көркемөнерпаздар ұжымын алып «Туған жер - тұғырым» атты ауыл халқына гала концерт қойды.
Күннің ертеңінде Айғыз орта мектебі ұстаздарының және ауыл жастарының демеушілігімен, деншынықтыру пәнінің мұғалімі Сәрсенбеков Естайдың ұйымдастыруымен волейболдан жарыс өтті. Айтпақшы, осы орайда Мұхтар Есқалиев бастаған бастамашыл топтың орта мектепке футбол волейбол доптарынан бөлек, командалық спорт киімдері, арнайы спорт жабдықтары, тенис столы, ракетакаларды да сыйға тартқанын айта кеткен жөн.
Мешіт ұстау яғни, мешітке рухани әрі материалдық қолдау көрсету шарапатты іс. Имам Мүслим риуаят еткен хадис шәріпте: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға ең ұнамды жер қаладағы мешіттер», – дейді. Хадис шәріпте: «Кім Алланың ризалығы үшін мешіт салса, Алла Тағала жәннатта оған сондай ғимарат соғып береді», дейді. Демек, мешіт салған адам және мешіт салынуға өз үлесін қосқан адам ақыретте лайық сауабын алмақ.
Мешіт – Алла Тағалаға ғибадат-құлшылық жасалатын орын. Жаратқанға жалбарынатын жер болғандықтан оны «Алла үйі» деп те атайды. Сондықтан мұсылман баласы мешітке құрметпен келіп, кішіпейілділікпен «бисмилләһ, О Жаратқан, Маған рахмет есіктеріңді аша гөр!» деп дұға оқып, оң аяғымен кіру аса сауапты іс. Дәреті болса, нұр үстіне нұр. Мешіттен шығарда «О Жаратқан, жарылқай гөр!» деп айтып, сол аяғымен шығу мешіт әдептеріне жатады.
Үлкен күш, зор ерік-жігер, ең бастысы ауыл тұрғындарының ынтымақ, бірлігімен бой көтерген мешіт үйіне қосқан әр бір үлеске сан мыңдаған есе сауап болсын. Айғыз тұрғындарының осындай береке-бірлігі көпке үлгі, зор өнеге деп білемін. Қаймағы бұзылмаған халқымның қазанынан ақ, басынан бақ кетпесін.

Ермек Дайырбаев.

Address

Х. Дюйсенова, 104
Ayagoz
070200

Opening Hours

Monday 08:30 - 12:30
14:00 - 18:00
Tuesday 08:30 - 12:30
14:00 - 18:00
Wednesday 08:30 - 12:30
14:00 - 18:00
Thursday 08:30 - 12:30
14:00 - 18:00
Friday 08:30 - 12:30
14:00 - 18:00

Telephone

8 (72237) 3-22-01

Website

Alerts

Be the first to know and let us send you an email when Аягөз жаңалықтары posts news and promotions. Your email address will not be used for any other purpose, and you can unsubscribe at any time.

Contact The Business

Send a message to Аягөз жаңалықтары:

Share

Category


Other Ayagoz media companies

Show All