DAT

DAT Республикалық апталық Онлайн | Республиканский еженед
(1)

10/07/2023

#шындық #нарымбай #назарбаевКЕТ Присылайте видео, фото и аудио. Все желающие выйти в эфир на дебаты, дискуссии, поговорить о насущных проблемах либо если ест...

Думан Мұхамедкәрім:Біздегі оппозицияҚОЯНЖҮРЕКболып қалған сияқты• Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті және «Жаңа Қаза...
05/11/2022

Думан Мұхамедкәрім:
Біздегі оппозиция
ҚОЯНЖҮРЕК
болып қалған сияқты

• Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті және «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жариялағанмен, Назарбаевтан мұра болып қалған әділетсіз заңдар әлі де үстемдік құрып отыр. Соның бір көрінісі – болмаған митингіні ұйымдастырдың деп тәуелсіз журналистің, «Не дейді?» ютуб-арнасының жүргізушісі Думан Мұхамедкәрімнің 15 тәулікке қамалғаны. Бостандыққа шыққан әріптесімізбен хабарласып, болмай қалған митинг, айтылмай қалған ойларға қатысты сұрақтарымызды қойып, сұхбаттасып, біраз дүниенің басын тарқатып қайттық.

– Думан мырза, сіздің абақтыға қамалу тарихыңыздан қоғамдағы құлағы түрік жұрт біраз хабардар. Әлбетте, заңда белгіленген конституциялық құқығын пайдаланып, қоғамдық іс-шара өткізуге бастамашыл болған азаматты әкімшілік қамауға алу – билік тарапынан жасалған басбұзарлық деп қабылдау керек. Дегенмен, «жеке шауып», митингке шақыруыңыздың себебін түсіндіру керек шығар?

– Шындығын айтқанда, мен мұны басбұзарлық деп есептемеймін. Егер де Конституцияға сенетін болсақ, ойымызды, пікірімізді ашық түрде айтуға, білдіруге құқығымыз бар, бейбіт шеруге шығуға да, шақыруға да құқығымыз бар. Бұл – бір.
Екіншіден, «жеке шауып» дегеніңіз тіпті келмейтін сияқты, өйткені мен бұл жерде жеке шапқаным жоқ. Иә, арасында оппозицияға тиіскен – «өздерің бастамасаңдар, ұялмасаңдар, онда мен шығайын» деген сөздер болды. Бұл менменшілдік емес, өзім бастадым, серкемін деген мақсатта айтылған жоқ. Бұл жердегі сөз оппозиция өкілдерінің, саясаткерлердің, партиялардың намысын ояту үшін, «мына журналист солай деп жатыр, біз шынымен саясаткер болсақ, бастауымыз керек қой» деп, біреуі шыға ма деген үмітте айтылған еді.
Өкінішке орай, оппозиция аузын ашпай отырып алды. Шындығына келгенде, «Қаңтар көтерілісі» бойынша елді, аймақтарды аралап, көптеген сұхбаттар жинадым. Сол кезде бүкіл еліміздегі белсенділердің барлығымен таныстым. Олармен ара-тұра телефонмен сөйлесіп, амандығымызды, жағдайымызды білісіп тұрамыз. Солармен ақылдасып, ойымызды айтып, алматылық белсенділермен келісіп едік. «Сіздер митинг туралы не ойлайсыздар?» деп сұрадым. Олар өз ойларын айтты. Мен, мысалы, термостарыңды алып келіңдер, шатыр әкеп құрыңдар, бұл мерзімі шектелмеген, бір күнде тарап кетпейтін митинг болуы керек деп айттым. Бұл – белсенділердің маған берген ақыл-кеңесі еді. Ал мен ақпарат таратушымын.
Сондықтан бұл менің «жеке шапқаным емес», қолдаушылар, ақыл-кеңесін берген апалар мен ағаларым, белсенділер бар. Олардың аты-жөндерін айтпаймын, өйткені егер бірдеңе бола қалса, оларды сотқа сүйреп жүргенше, жалғыз менің абақтыға түскенім жетер. Ақыры мен-ақ бәріне айыпты бола берейін. Болашақта біз бәрібір демократиялық ел боламыз, сол кезде «батырлардың» аты-жөнін айтып, міне, идея берген осылар деп айтармын. Ол енді болашақтың еншісінде.
Ал «жеке шауып» митингке шақырудың себебін былайша түсіндірер едім. Негізі, елде демократиялық өзгерістер болса екен деп, бізде шапқылап жүрген оппозиция өкілдері көп. Шетелде қаншамасы отыр, елдің ішінде қаншамасы жүр?! Қысым көргендер, отырып шыққандар, таяқ жегендер, бала-шағасын қысқандар бар, бірақ өзгеріс жоқ. 30 жыл солай болды, әлі де бола беретін түрі бар. Саясаткерлердің кейбірі, мысалы, «біз радикал емеспіз, митингке шықпауымыз керек, билікті эволюцияға шақыруымыз керек, өзгеріс жасау керек» дейді. Ал Конституция мен заң деген біздің елде діни түсінік сияқты, молдамыз қалай түсіндірсе, солай қабылдайтын болдық. Конституция да тура сол сияқты, қай заңгер қалай түсіндірсе, солай қабылдаймыз.
Менің ойымша, бейбіт шеру – төңкеріс емес, бейбіт шеру – қаңтардағыдай қантөгіс емес, қирату, өртеу емес. Менің арманым: бүкіл қазақ елі бейбіт шеруге шығып, қолымызға елдің туын алып, оқ атпасын деп ойымызды, Конституциядағы цитаталарды келтіріп, плакатқа жазып, мына заңсыз сайлауға қарсымыз деп, Тоқаевтың 2019 жылдан бері үйіп-төгіп берген уәделерінің бірі де орындалмағанын айтып, Назарбаевтың салып берген сара жолымен келе жатқанын жазып, плакаттармен шықса – сол бейбіт шеру емес пе?!
Назарбаев «Қазақстан-2030» деп, 30 жыл қанымызды ішті. Тоқаев соның жолымен келеді. Бір ерекшелігі – Назарбаев жылына бір рет жолдауын жолдап отыратын, ал Тоқаев биылдың өзінде бірнеше жолдау жолдап тастады. Оның ұсынған бастамаларының біреуінің іске асқанын көргенім жоқ. Жолдауларының бәрі биліктің мүддесін қорғайтын дүниелер, халық үшін дейтін ештеңе жоқ. Сондықтан бейбіт шеру ғана біздің елді өзгеріске әкеледі. Ақорда, билік, үкімет, оппозиция соны түсінуі керек. Ал халық оны түсінді, халық оянбады деу – жаңсақ пікір. Егер біз оппозицияны, сосын Ақорданы оятсақ, онда елде өзгеріс болады, тек бейбіт шеру ғана біздің мемлекетті өзгертеді.
– Жалпы, сіздің «жеке шауып», митинг шақыруға мәжбүр болған бастамаңыздың мән-мақсатын түсінуге болады. Елдегі қарсылық қозғалысына дем беруші оппозиция қожырап кеткен сияқты. Бұған осы президенттік сайлауға оппозицияның бірегей кандидат ұсына алмауы да дәлел болса керек. Дегенмен, «сырт көз – сыншы» дегендей, қазіргі қазақ оппозициясы туралы көзқарасыңыз қандай?
– Бұл оппозицияның өте дұрыс шешімі болды деп ойлаймын. Осы сайлауға кандидат шығармаймыз деп, әсіресе оппозициялық-демократиялық күштер коалициясы кандидат шығармаймыз деген бірбеткей ұстанымда болды ғой. Ол дұрыс! Өйткені мынадай әділетсіз заңдармен, ойын шарттары тең болмай, оппозициядан бір кандидатты шығарудың өзі «Қосанов-2», «Қосанов-3»-ке алып келеді. Сондай кандидат болмас үшін, міндетті түрде ойын шарттарын тең қою керек, оған мемлекетті де, билікті де мәжбүрлеуіміз керек. Оның барлығы оппозиция тарапынан жалпақ сөз болып қалады. Жиналыстар өтеді, «Күлтөбенің басында күнде жиын», қарарлар қабылдайды, оны парламентке, үкіметке, президент әкімшілігіне жібереді, ал нәтиже жоқ.
Сондықтан мен бейбіт шерусіз ештеңе шешілмейді деп ойлаймын. Басқа оппозициялық күштері де, саясаткерлерді де осыған үгіттедім, оны жасырмаймын. Бірнеше саясаткерлермен кездесіп, өзімнің ұстанымымды айтып, көндіргендей болдым. Олар түбі сенікі дұрыс, бірақ халық көшеге шықпай қалады, халыққа сенім жоқ дегенді айтты.
Мен керісінше, «халық сендерге сенбейді» дедім. Егер халық сендерге сенсін десеңдер, өздеріңнің көшбасшы саясаткер екендеріңді көрсетіңдер, алаңдарға шығыңдар, сөз сөйлеңдер! Мен ешқайсыңмен таласпаймын, менде саяси амбиция жоқ, маған кресло да керегі жоқ, демократиялық ел болсақ, мен тәуелсіз журналист болып жүре бергім келеді дедім. Мен қай саясаткер мықты болып шығатын болса, соны қолдап кетуге дайынмын. Оны бір емес, бірнеше саясаткерге айттым. Шетелде жүрген оппозиция өкілдеріне де айттым. Ол кісілер менің сөзіме иланып, қолдады. Енді нәтижесі өздеріңізге белгілі: мені апарып қамап тастады, сол кезде 25-і күні халықпен бірге мені қолдаған оппозиционерлер шығатын болар деп үміттеніп едім. Ешкім шықпады, бәрі бекер болды!

– Сіздің митингке шақырған бастамаңызды оппозиция неге қолдап кетпеді деп ойлайсыз?

– Бұл сұрақ мені 15 күн бойы ойландырды. 25 қазан күні шығады деп үміттенгенім рас. Үміт оты әлі де сөнген жоқ. Оппозиция түптің-түбінде нағыз саясаткер екендерін білдіріп, халықтың алдына шығып, жалынды сөздері қағаз бетінде қалып кете бермейтіндей, дұрыстап сөйлеп, билікке ультиматум қойып, өздері қорықпай, бір нәтиже шыққанша тапжылмай тұрады деп ойлағам. Бірақ, өкінішті, олай болмай қалды. Дегенмен оппозиция өкілдеріне үмітім әлі де бар. Олардың арасында мықты азаматтар да бар екенін нақты білем.
Көпшілікке белгілі, қазақ елі 90-жылдардағы бандиттердің небір әрекеттерінен, ұры билік Нұрсұлтан Назарбаевтың сүзгісінен өтті. Қалай болса да, «аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, саясаттың қыр-сырына қанығып, аман жүрген оппозиция бар ғой. Олар «ыстық шәйдің суығанын» күтіп отыр.
Кейбір оппозиция өкілдерінің ойынша, мына жүйе өзін-өзі жеп, солай құриды деп есептейді. Кеңес Одағы солай құрыды ғой. Мен ондай оймен келіспеймін, өйткені бұл мұра ретінде бір-біріне қала беретін жүйе. Назарбаев кетті, Тоқаев келді, Тоқаев кетсе, Мәулен Әшімбаев немесе Ерлан Қарин сияқты осы жүйенің бала кезінен оқытып, студент қылып, «Болашақпен» білім алдырып, өздері тәрбиелеп өсірген ұрпағына ғана қалдырады. Бұл жүйе ешқашан өзгермейді. Нағыз билікке тәуелсіз демократтар келмейінше, бұл жүйені өзгерту мүмкін емес.
Енді оппозиция қолдамағаны – олар биліктен әлі де болса жасқанады, түрмеге түсіп қаламыз ба деп қорқады. Кейбір оппозиция өкілдерінің ақталатын мынадай ойы бар: егер де мен шығып, алаңға барып сөйлесем, менімен қоса 10-15 адам келеді, бәрімізді апарып, 15 тәулікке қамап тастайды; менің өзіме қылмыстық іс қозғап, түрмеге жабады; халыққа керексіз болып қалам, ешкім менің сөзімді қолдамайды деп, тәуекелге бара алмайды.
Оппозиция өкілдері қатты айтты деп өкпелемесін, менің нақты айтатыным: біздегі оппозиция қоянжүрек болып қалған. Ал бізге алдына келгенді тістеп шайнайтын, артына келгенді тебетін азулы, нағыз ер азаматтар керек. Мұндай оппозиционерлерді қоғамға Ақорданың өзі итермелеп алып шығады деп ойлаймын. Ол күн жақын. Сондай оппозиционерді мен күтіп жүрмін. Егер қазір оппозициямын деп жүрген азаматтар арасынан «мен алға шықтым» деп, біреуі ұмтылса, мен оған атылған оққа кеудемді тосуға, соның сөзін сөйлеуге дайынмын.

– Егер 2000-жылдардың басындағы оппозициямен салыстырғанда (С. Әбділдин, Ғ. Алдамжаров, Ә. Қажыгелдин, А. Сәрсенбаев, Б. Әбілов, Ғ. Жақиянов, М. Әбілязов, О. Жандосов, Т. Тоқтасынов және т.б.), бүгінгі оппозиция өзінің қоғам алдындағы парызын жеткілікті мөлшерде өтей алмай жүрген шығар?

– 2000-жылдардың басында оппозицияның арасына от түсті. Назарбаевтың арқасында оппозицияға Жармахан Тұяқбай, Әлихан Бәйменов дегендер кірді, артынан олар «Ақ жол», «Нағыз ақ жол» болып бөлінді. Ақыры Назарбаев кеткенде, көзіне жас алып, жылап-сықтайтын Перуашев дегендер қазір «Ақ жолда» жүр. Сол кезде ауызбірлік жоғалды, бірін-бірі даттау басталды. Кезінде үндері бірге шығып, бір білек бола алған Болат Әбілов, Мұхтар Әбілязов, Ғалымжан Жақиянов, Әкежан Қажыгелдиндер – әрқайсысы әр кеменің құйрығын ұстап жүр. Бұлардың бәрі бірігіп, бір кемеге отырмаса, суға кетеді, мұны өздері де біледі.
Осы күнгі оппозицияның қайсысын алсаң да, әрқайсысы күнде айнаға қарағанда, жатса да, тұрса да өздерін президент көреді. Өздерін тарихта қалатын мемлекет қайраткері, Алаш көсемі деп есептейді. «Мен болмасам, мына қазақ елі түзелмейді» деп ойлайтындар да бар.
Жақсы, ондай қиялдар бола берсін. Президент болсам дейтін амбициясы да болсын. Елді парламенттік мемлекетке айналдырып, демократияға алып келем дейтін арманы бола берсін. Бірақ оның бәрі төсекте не диванда жатып, аспанға қарап, қиялдай беретін дүние емес. Орнынан тұрып, сол арманы іске асу үшін қимылдар жасау керек қой!
Біздің оппозиция қазір ғылыми фантастиканы көп оқиды, соған көп сенеді, қолдарында смартфон, планшет, көретіндері – интернеттегі қиял. Әрқайсысының өзінің бір-бір Қазақстаны бар. Назарбаевтың «Қазақстан-2030-ы» бар, Тоқаевтың «әділетті Қазақстаны» немесе «жаңа Қазақстаны» бар, оппозицияның да өздерінің бір-бір демократиялы Қазақстаны бар. Оның бәрі қиял-ғажайып ертегі, фантастика. Билік те, оппозиция да басқа параллельді әлемдегі қазақ елінде өмір сүріп жатыр.
Ал халық тақыр жерде отырмыз. Мына көшбасшылардың қайсысы бастайды екен, дені дұрыс жұмыс қашан жүреді екен деп, барлығымыз үміттенеміз, армандаймыз. Бірақ нәтиже жоқ. Сайлауға бармайтынымыз да сол, менің туған-туыс, дос-жарандарымның ішінде сайлауға бардым, дауыс бердім, өз таңдауымды жасадым дейтіндер жоқ. Мен оларды түсінем, өйткені сайлаудың бәрібір әділетсіз өтетінін білемін. Кешегі референдум оған дәлел. Бақылаушылар бар жердегі ауданда билік ұтылады, ал бақылаушылар жоқ жердегі басқа аймақтарда ұтып кетеді. Алдыңғы президенттік сайлаулардың бәрін Назарбаев солай «ұтты», Тоқаев та сөйтіп «ұтты», солай «ұта» береді. Оның 7 жыл президент боламын дегені – басы ғана, осыдан кейін парламенттен 2-3 депутатты шығарады. Тоқаевтың кемеңгер екенін, осыдан басқа білімді адам жоқ, керемет дипломат екенін айтып, тағы құзырлы мерзім қосып бере салады. Бұлар ойдан шығарып, өздеріне атақ таға береді. Жеті жыл, 14 жыл, 20 жыл президент болып отыра береді, халықты қанайды, жейді, дастархан басындағы дәмдісін өзіне керекті адамдармен бөліседі, қалғандарына сүйек-саяқ тастайды. Бұл ұры биліктің саясатын оппозиция іштей болса да қолдап жүргендей көрінеді.

– Журналист-блогер ретінде біраз оппозиция өкілімен кездесіп, сұхбат алып жүргеніңіз белгілі. Дегенмен бүгінгі оппозицияда кімдерді ашық оймен, таза ниетпен, халықшыл мақсатпен жүр деп айта алар едіңіз?

– Журналист ретінде белсенді саясаткерлермен кездесіп, сұхбат алдым, әрқайсының пікірін білдім. Мені таңқалдыратыны – біздегі белсенділер болсын, саясаткерлер болсын, бәрінің түп мақсаты, арманы біреу – бәрінің илегені бір терінің пұшпағы, бәрінің айтатыны: елде демократия болса екен, бізге бірлік керек, Назарбаевтың және оның отбасының, олигархтардың ұрлаған ақшасын қайтаруымыз керек дейді. Бізді 200–300 миллиард долларға дейін тонағанын айтады. Қазақ елінің сыртқы қарызы 162 млрд доллар дейді. Назарбаев және оның отбасы, қасындағылардан жинасақ, жарты триллион доллар жиналатынына өз басым сендім.
Міне, соның 162 млрд доллары сыртқы қарызымызды толықтай жауып тастайды. Жақсы, тағы да 100 млрд-ты мұғалімдердің, бюджет саласында қызмет ететін қызметкерлердің жалақысын көтергенге жұмсайық дедік. Қалғанына тақтайдай жол салып, шетелден келген инвесторлар, әсіресе мұнай мен газ, қазба байлық саласында жұмыс істейтін инвесторлармен келісім-шартты қайта қарап, олардың алып кетіп жатқан мөлшерін азайтып, жұмыс күшін сырттан әкелуді тоқтатып, лимит қойсақ. Мысалы, Ораз Жандосов, Алтекеңдер (Сәрсенбайұлы) сияқты мықты саясаткер келсе екен деп ойлаймын.
Мен өзім сұхбаттасқан белсенділерден, саясаткерлерден естідім, қай-қайсысын атай аласыз деп, барлығы елдің мүддесін, ұлт мүддесін қорғағысы келеді, тілді қорғағысы келеді. Мемлекеттік тіл аясын тарылтып тастады, осыны көтерсек екен деп айтқысы келеді. Ондай сөзді мен Жасарал Қуанышәлиннен естідім, шетелдік инвесторлармен келісім-шартты қайта қарау керек деген дүниені Уәлихан Қайсардан естідім, тіл мәселесін Болат Әбіловтен, Жанболат Мамайдан Назарбаев пен оның төңірегіндегі, қарамағындағы жүрген шабармандардың тонаған дәулетін түгел қайтару керек, олар түптің-түбінде қалып қоятын болса, мемлекетке қарсы жұмыс істейді дегенді естідім.
Рысбек Сәрсенбайұлынан өте керемет, мықты-мықты жалынды сөздер естимін, ол кісінің айтқан сөздері, идеялары көңілге қонымды. Рысбек аға сөйлеп тұрған кезде мен өзім көзімді жұмып, көз алдыма елестетіп, оппозиция мен биліктің ғажайып әлеміне кіріп кететін кезім де болады. Мен тура сондай Қазақстанда өмір сүргім келеді. Бірақ біздегі қай оппозиционерді алсаң да, осы қиял-ғажайып түбінде қалып қояды. Нақты іс-қимылға көшетін ешқайсысы жоқ. Қарар қабылдайды, хат жазады, сұхбаттар береді, сонымен шектеледі. Сұхбат беру – жұмыс емес, үгіт-насихат емес. Мемлекеттік арналарда жұмыс істейтіндердің өзі қазір ойларын өздерінің әлеуметтік желілерінде ашығырақ айтып, 100 пайыз ашық сөйлемесе де, пікірін білдіріп жүргендер бар. Міне, осыларға жол ашу керек, саясаткерлер, мысалы, кезінде газет аша алмадық, республикалық телевидениеде бізді сөйлеттірмейді, республикалық радиоларда сөйлеп, өзімізді көрсете алмаймыз деп жүрді ғой Алтынбек Сәрсенбаевтың, Заманбек Нұрқаділовтардың кезінде. Қазіргі оппозиция несіне жылайды? Мен түсінбеймін. Ашып қалсаң, фейсбугың, инстаграмың, тик-тогың тұр. Жастармен – тик-ток, аға буынмен – фейсбугын ашсын. Мажорлармен сөйлескісі келсе, инстаграмын ашсын. Жалпы бүкіл халықпен сөйлескісі келсе, ютубты ашсын.
Блогерлерге «сен өзің тәуелсіз көзқарасыңды ұстанып, әрі қарай осы бағытта жүре бер, мені артығырақ мақтап, ананы жамандамай-ақ қой, не ойлайсың, соны істей бер» деп, кішкене қаржылай демеушілік жасаса, болады ғой. Жоқ, біз блогерлер битімізді сығып, қанымызды ішіп жүрміз. Мемлекет бізге бүкіл кислородты жауып тастаған, ешқандай жерде жұмыс істей алмаймыз. Бұрын мен осы блогерлікпен айналысқанда, алғашқы 2 жылда түрімді көрсетпей жүрдім. Кадрдан тыс мәтінді оқып, 10-15 минуттық репортаждар жүктеп тұрдым. Сол кезде билік те менің осы бағытта жүргенімді білген жоқ. Кейбір әріптестерім де білген жоқ. Міне, сол кезде бір сценарийлер жазып, деректі фильмдер шығарып, бір мәтіндерді аударып беріп, сол сияқты дүниелермен ақша табатын едім. Қазір менде ол да жоқ. Аш бәледен қаш бәле, осы Думанға жоламаңдар дейді.
Бұрынғы ескі әріптестерімнің әрқайсында бір-бір компаниялары бар, мемлекеттік және жеке меншік арналарда бір-бір ток-шоулары бар. Қайсысы маған жаны ашып, Думан досым, бірдеңені жазып бере қойшы деп айтады? Кездеседі, сөйлеседі, төс қағысып амандасамыз, отырып әңгімелесеміз, бірақ олардың ешқайсысы маған тапсырыс беріп, бір сценарий жаздырғысы келмейді. Өйткені Думан жексұрын, Думан билікке қарсы дейді. Олардың өздеріне де проблема керек емес қой.
Ал оппозиция – өзімен-өзі. Әрине, арасында, мысалға, маған ақша беріп, ана жерде бүй депті ғой, соны жамандап жіберсең, мені бір мақтап жіберсең дейтін кейбір оппозиция өкілдері бар. Ондайлардан мен принципті түрде ақша алмаймын. Осы мақаланы оқыса, ол оппозиционерлер өздерін біліп отырған болар, ондай ақшаны маған біреуі емес, бірнешеуі ұсынды, бірақ ешқайсынан ақша алғам жоқ. Алмаймын да.
Ал егер де, Думан, осы айтқанынан қайтпа, көзқарасыңды қолдаймын, мен саған есепшотыңа ақша жібердім десе, құба-құп, рахмет. Бірақ біздегі оппозиция болсын, қайсы болсын, демонстративті түрде елдің алдында конверт беріп, Думанға көмектесіп жатырмын деп, өздеріне артық бір жарнама жасағысы келіп тұрады. Мен ондайды да қабылдағым келмейді.
Менің ютуб-арнамдағы «данатқа» халық көмектесіп жатыр. 100 теңгеден «Руслан А» деген атпен түсіп тұрады екі күннің бірінде. Сол бауырым, мысалы, үлкен кісі болуы да мүмкін. Көбін танымаймын, бірақ сол адам өзінің шама-шарқына қарай 100 теңге жіберіп тұрғаны менің жүрегімді кейде тербеп жібереді. Кейде көзіме жас алып, жылағым да келеді.
Бір жігіт жазып жіберіпті: 267 теңге болуы керек, осыдан екі ай бұрын жазып жіберіпті: «Думан бауырым, өкпелемеші, барымды жіберіп отырмын, кейін жағдайым болса, тағы да салам» депті. Хатты оқып отырып, мен жылап жібердім. Сол жаңағы 267 теңгесі маған 20 млн теңгедей болып көрінді. Сол 20 млн теңгенің төңірегінде жұмыс істейтіндей маған рух берді. Міне, осындай азаматтардың ақшасы маған әлдеқайда қымбат. Динара Егеубаева әріптесім бар, Бесжан Төлеубекұлы бауырым бар, Миат деген інішек бар, Бауыржан Атымбаев деген бауырым бар, осы тик-токта 20–30 мыңнан эфирге адамдар жинайтын, өзі ақын, сол сияқты жігіттерге, қыздарға көмектессе ғой, шіркін! Мақтанбай, бөспей, өзін біреуге мақтатпай-ақ! Ондай жоқ. Осыдан кейін менде пікір қалыптасты: әр оппозиционердің, әр саясаткердің ішінде бір-бір тиран, бір-бір диктатор ұйықтап жатыр.

– Демократиялық оппозиция өкілдеріне қарағанда, ұлтшыл патриоттардың қоғамдық белсенділігі төмен деп айта алар ма едіңіз?

– Жоқ, төмен деп айта алмаймын. Осы күні әлеуметтік желілерде ұлт, тіл, жер мәселесін көтеріп жүрген азаматтар аз емес. Бірақ осы азаматтар мәселені ашық түрде жазатын болса, таяқтың бір ұшы солтүстіктегі көршімізге тиіп, бірден «русофоб», ұлтшыл деп шыға келеді. Ал біздің заңдар бойынша, ұлтаралық араздықты тудыру секілді ұлтын, тілін кемсіту деген тұрғыда көптеген заңдарды күні бұрын жазып, дайындап қойған. Соны тарс еткізіп іліп, соттап жіберу түк емес болды. Оған мысал ретінде Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбайдың ісін келтірсе болады. «Фейсбукта» жазған пікір мен репост үшін сотталды. Ермек Нарымбайды алайық. Телібеков дегеннің жазғанына қарсы пікір жазып, ұлттың, қазақтың намысын қорғаймын деп түрмеде отыр. Сондықтан ұлт пен тіл мәселесіне келгенде тартқыншақтап сөйлеп қалдық. Өйткені заң соған мәжбүрлейді.
Мен де осы мәселелер бойынша айтарымды айтып жүрмін. Маған «Осы саған неге тиіспейді?» деген сұрақты жиі қояды. Тиіскенде қалай. Мені қорқытып, үркітетін нешетүрлі хаттарды жиі алып тұрамын. Арнамыздың кез келген видеосының астын ашып қараңыздар, қорқыту пікірлері жетіп жатыр.
Жақында ғана журналист Қойшыбек бауырым мен «Азаттық» радиосына берген сұхбаттарымның астында нешетүрлі пікірлер жазылған. Бірақ мен қорқатын адам емеспін. Өйткені жоғалтатын ештеңем жоқ. Өзімнің ұстанған принципім – ұлтым ертең өлетін болса, мен бүгін өлуге дайынмын.
Дегенмен, кейбір азаматтар, менің ойымша, сабырлылық танытуы керек деп ойлаймын. Мен орыс пен өзге ұлттардың ешқайсысына қарсылығым жоқ. Дүнген, ұйғыр, шешен және басқасы өздерін Қазақстанның азаматы екенін сезінсе, азаматтық құқықтары тапталмаса екен деп ойлаймын. Бірақ олар өздерін этнос екенін білуі керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың «біз 136 ұлт өкілінен тұратын көп ұлтты мемлекетпіз» дегені – былжырақ сөз. Қазақ елі – моно мемлекет. Бұл – Қазақ Республикасы. Мұнда бір ғана ұлт бар, ол – қазақ! Қалғаны – біздің елді мекендейтін этностар.
Орыс тілінің ресми мәртебесі деген дүниені Назарбаев бастады, Тоқаев қостады. Заңды дұрыстап оқысақ, ресми мәртебе деген атымен жоқ. Тек мемлекеттік тілмен қатар ресми пайдаланылады деген сөз бар. Алайда біздің Конституция дін секілді. Қай молда қалай түсіндіреді, солай қабылдаймыз.
Мен таң қалам, неге орыс тілінде ресми мәртебе болуы керек?! Сонда ұйғыр, дүнген, әзірбайжан, кәрістер тоқалдан туған ба? Неге бір тіл басқа тілдердің үстінен қарап отыру керек? Қазақ еліміз бе, онда мемлекеттік те, ресми тіл де бір ғана болуы керек. Әйтпесе Назарбаев айтқан «136 ұлттың» тіліне түгелдей ресми мәртебе бере салсын. Ол мүмкін емес қой! Онда неге орыс тіліне ерекше мәртебе берілуі керек? Осыған бәріміз қарсы шығуымыз керек.
Ресейлік пропаганда телеарналарын тоқтату қажет. Біздің елде неге басқа тілдің саясатын тықпалайтын арналар сөйлеуі тиіс?! Олай болса, неге демократиялық Батыстың CNN мен BBC телеарналары жоқ? Деректі фильмдер көрсететін History секілді ойын-сауық арналарын қосып қояды да, саяси тақырыптағы арналарды қоспайды. Неге?! Сол арналарды титрмен де көруге болады. Мысалы, BBC арнасы Францияда таралса, астында міндетті түрде француз тілінде титр жазылады. Жапондар – жапонша оқып отырады. Ресейлік телеарналар неге солай жасамайды? Біздің телеарналарды алсаңыз, бәрі екі тілде. Соның өзінде халық нағыз жиналатын прайм-тайм уақытта қазақ тілі жоқ. Отандық телеарналарымызды қосып қалсаң, орысша саңғырлап, сөйлеп жатады. Егер біздің заңға отандық телеарнлалар бағынатын болса, ресейлік телеарналар неге бағынбайды?! Олар да аударып, қазақша сөйлесін, тым болмаса титр жазсын. Олай жасамай ма – шамадан – вокзал – Ресей! Қазақ тілін үйренгім келмейді, қазақ тілінде жұмыс жүргізгім келмейді дейтіндерге де сол – шамадан – вокзал – Ресей болуы керек.
Біздің мемлекетіміздің өзі қазақ тілімізді қажетті құрал ретінде көрсете алмай отыр. Қоғамдық орындарда қызмет міндетті түрде қазақ тілінде көрсетілуі керек деп ойлаймын. Дүкендер мен дәмханаларда бағалар мен ас мәзірі тек қазақ тілінде жазылуы шарт. Мысалы, асхана мен әжетхананы тек қазақ тілінде жазып қойсақ, еріксіз үйренеді. Олар да дәретке барады, олар да тамақ ішкісі келеді. Тілді үйренгенге дейін олар керек жерін иіскеп жүріп табатын еді.
Ал біздің мемлекеттің өзі мемлекеттік тілге немқұрайлы қарайды. Еш мәжбүрлік жоқ болса, ол тілді кім үйренеді? Одан қалса, екінші мемлекеттік тіл – орыс тілі, сен оны білуің керек деп, өзімізді бетімізден алады. Орыс тілі екінші мемлекеттік тіл деген заңда атымен жоқ. Дегенмен, сөйтіп айтады. Қазаққа тіл тигізіп, артынан кешірім сұрап, кешегі Мухоряпов сияқтылар құтылып кетеді. Орысша біліп тұрып, қазақша сөйлеу – надандық деді ғой.
Ал Марғұлан Боранбай секілді азаматтарымыз ұлт мүддесін қорғаса, түрмеге түседі. Өстіп қорқытып тастаған соң, тіл мен ұлт жанашырлары еріксіз бабына барып сөйлеуге мәжбүр. Осының бәрін Путиннің қолымен істеп отырған өзіміздің Ақордасы. Біздің жауымыз орыс емес, біздің жауымыз – қазақ тілін керек қылмай отырған өзіміздің Ақорда. Жүйе өзгерсе ғана – біз қазақ боламыз.
Қазір бізге ұлт ретінде құрып кету қауіпі төніп тұр. Ертең Қазақстан федерациясы пайда болып, қазақтың өзі этнос болып кетсе, таң қалмаңыздар. Сол үшін Ақорданы өзгертуіміз керек.

– Қарашада өтетін президенттік сайлауға қатысты азаматтық ой-пікіріңіз қандай?

– Біріншіден, бұл сайлау емес! Бұл қайта тағайындау немесе билікті ұрлап, басып алу, тек сайлау емес. Тоқаев өзін-өзі 7 жылға қайтадан отырамын деп жариялады. Соңғы рет «посылать» еткенде, 20 қарашада сайлау жариялағым келеді, мерзімімді 2 жылға қысқартып отырмын, келесі президенттік сайлауды дұрыстап сайлап алайық дегені ешқандай демократия емес. Оданша сол жерде – «халқым, маған мына бес жыл мерзім аздық етеді, мен жеті жыл отырғым келеді. Бүгіннен бастап жеті жылға соза салайын, ар жағын көре жатармыз. Мүмкін, жасым жетсе, он бес жылға созам ба, көреміз. Мүмкін, орныма Ерлан Карин, Мәулен Әшімбаев секілді азаматтардың біреуін қалдырам ба. Сендер өздеріңнің күйбің тірліктеріңмен жүре беріңдер, несилеріңді уақытылы төлеңдер. Бала таба бермеңдер, оны қалай асырайтыныңды ойлаңдар. Жағдайларың келсе, Назарбаев айтқан екі сиыр алып, соның сүтін сатыңдар, ал мен жеті жыл президент боламын!» – деп айта салу керек еді. Болды, сонымен нүкте!
Ал Тоқаев не істеді? Бүкіл елге жар салып, спектакль жасап, цирк қойып, Қостанайға барып, қолдан жасалған өртті жеңіп, өзіне ұпай жинап алды. Алматыда оққағарының қолтығын құшақтап, екі көзін жұмып, жастардан қашып жүріп, ұпай жинады. «Наш президент – тигр» деп, өзінің тамадаларына айғайлатты. Ол кісінің жүргізіп отырғаны – мысықтың саясаты. Бұндай цирк жасамай, «Волга», «Москвич», «Жигули» сияқтыларды сайлауға қатыстырудың қажеті жоқ. Халықты алдап, кезекті «қосановтарды» шығармай-ақ, мен билікті басып алдым деп айтуы керек еді.
Сондықтан ойыңызға қандай жаман сөз келеді, соны айтыңыз, тек сайлау демеңіз. Менің ойым осы!

– «Қаңтар қырғынынан» кейін президент Тоқаев өзіне деген халықтық сенімді «жинастырып» алу үшін, құзырлық мандаты аясында қандай іс-әрекетті қолға алғаны дұрыс болар еді деп ойлайсыз?

– Тоқаев халықты емес, өзінің адамдарын жинады. Осы күні тренд болып кеткен құрылтайды Ұлытауда өткізіп, оларға ұлы сөздер айтқызып, Алтекеңнің көзі тірісінде билікті қорықпай сынап жүрген, соларға қарап, өзім журналист болсам екен деп армандап жүрген мықты журналистерді шақырып алып, «сіздей адамды бұрын көрмегенбіз, Нұрсұлтан Назарбаевтың қайдан келгенін білмей қалыппыз, сіз бұрыннан неге президент емессіз» деген сөздерді айтқызып, спектакль жасамауы керек еді.
Тоқаев өзін тарихта қалатын демократ ретінде көрсеткісі келіп жүр, алайда соған қай жағынан жақындайтынын білмейді. Ол бір жағынан Нұрсұлтан Назарбаевтың дәулетін сақтап қалғысы келеді. Екіншіден, Батыс басылымдары жазғандай, Тоқаевтың да мықты бизнесі бар екен. Бұрынғы әйелінің, балаларының зәулім сарайы туралы жазылған дүниелерді көрдік. Ол жөнінде кезінде Навальныйдың серіктері де дәлелдер келтірген. Олар зерттеулерді мықты жүргізеді және мен өз басым оған сенем. Осының бәрінен ақталғысы келе ме, шынайы демократ болғысы келе ме, халықты ұрып-соғып, қудалап, үтікпен күйдіргенін кешірсін десе, халықтың алдына шығып: «Уа, ағайын, 20 мың лаңкес өтірік болып шығыпты, мен қалай алданып қалғанымды білмеймін, ұят болды, кешіріңіздер! Қаңтар бойынша қаншама адам сотталды, сот үкімін күтіп отырғандар көп. Жанболат Мамай секілді жігіттерді жауып тастаппын. Бұл демократияны тұншықтыру екен. Журналистердің де аузын жапқаным дұрыс емес екен. Заң бойынша цензураға тыйым салынған. Саусақпен санарлық газет қана бар. Мына «ДАТ» газетіне жол ашайық. Мемлекеттік телеарналар қорықпай сөйлесін. Билікті сынау – түбіне келгенде демократияның белгісі. БАҚ – биліктің бір тармағы, осыларға жол ашайық. Митингке шыққыңыз келсе, жағдай жасайық. Биотуалеттер апарып, полиция сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз етіп, қорғап тұрсын. Айтатыныңызды айтыңыздар, плакаттарыңызды алып шығып, митинг біткен соң тарқаңыздар. Бей-берекет әрекеттерге бармаңыздар!» десе ғой.
«Қаңтар бойынша жазықсыз отырғандар қанша уақыт отырды, сол мерзімге байланысты өтемақы алатындай қылып келтіріп қойдық» десе. «Кеше жазықсыз өлген боздақтарымыз үшін жүрегім қан жылайды. Мешітке барып, Меккеге барғанда да, солардың әруақтарына құран бағыштадым, енді, міне, әрқайсысына 20 млн теңгеден өтемақы төлеуге дайынмын. Қабірден қазып алған боздақтар үшін кешірім сұраймын!»– десе, онда біз ерегесті қоятын едік қой. Бұдан бәріміз ұтатын едік. Тоқаев қалған екі жылын легитимді президент сияқты өткізер еді. Парламенттік сайлау жарияланып, төменгі палатаға дені дұрыс демкократтарды кіргізсе. Олардың ішінде Болат Әбілов, Жасарал Қуанышалин, Ермұрат Бапи секілді тұлғалар болса, халықтың алдына шығып, кешірім сұрағанда, қалған президенттік уақытында тыныш отыратын еді. Еліміз демократиялық мемлекет болып, қалған президенттерімізді өзіміз сайлап алар едік. Ол Жанболат Мамай бола ма, Болат Әбілов бола ма, Әкежан Қажыгелдин, бәлкім, Ғалымжан Жақиянов, Төлен Тоқтасынов, Зауреш Батталова болуы мүмкін. Бізде президент болуға лайықты адамдар көп. Олардың арасында сіздердің бас редакторларыңыз бар. Осы жерде айтып өтейін, мен Ермұрат Бапиды демократ деп білемін. Ереке, осы сұхбатты газетке дайындап, оқып отырсыз ғой, айыпқа бұйырмаңыз, сізге де айтайын: рухтанып алға шықсаңыз, мен сіздің де жаныңыздан табылатын едім!
Қалай болғанда да, халық өз таңдауын жасауы керек. Оған мемлекет мынаны таңда деп айтпауы керек. Сайлау бәйгесіне тек бәсекелес бола алатын мықты арғымақтар шығуы тиіс. Тоқаев құрметті демалысына кететін еді. Жарайды, елімізге демократияны алып келді ғой деп, оның Швейцария мен Мәскеудегі бизнесін де ұмытар едік. Халық та кешіретін еді. Біз өзі кешірімді халықпыз ғой. Тоқаев өзін демократ екенін шынайы көрсетіп, халықтан кешірім сұраса, халық оны кешірер еді.
Бірақ Тоқаев кешігіп қалды. Ұшақта орта жолда жанармайы қайтуға жетпей қалатын, қайту нүктесінен өтіп кеттік дейтін кез болады екен. Сол нүктеден өтіп кеттік. Ол енді өзін диктатор – тиран ретінде ғана көрсете алады. Тоқаев тарихта демократ ретінде қаламын деген ойды ұмытуы керек.

– Сіз бұған дейін тәуелсіз журналист-блогер ретінде танылған едіңіз. Ал қоғамдық бастамаңызға байланысты қиянатты қамауда жатып шыққаннан кейін сіздің ендігі ұстанымыңыз өзгеріп, қоғамдық белсенді азамат атанып кеткен жоқсыз ба?

– Жоқ! Мен өзімді тәуелсіз журналист ретінде сезінемін. Халық та мені солай қабылдаса екен деп ойлаймын. Өзімді саясаткер түгілі, қоғам белсендісі ретінде де көрсете алмаймын. Өйткені олар секілді жұмыс жасап, өзімді көрсеткенім жоқ. Тек шындықты айту, ақиқатты жеткізу жағынан еңбегім сіңген шығар, оның бағасын халық бере жатар. Журналист ретінде не істеуім керек, не айту керек екенін білемін. Ал қоғам белсендісі ретінде атқарған жұмысым жоқ. Сондықтан мені саясаткер деп қабылдамаңыздар. 15 тәулікке бір рет отырып шыққаным абырой да емес, мақтаныш та емес, ұялатын да дүние емес. 15 тәулікке кім отырып шықпады? Кез келген азаматтық белсендіні түртіп қалсаңыз, бәрі отырып шыққан. Мысалы, Бауыржан Атымбаев бауырым 15 тәуліктен алты рет отырып шықты. Бесжан бауырым жеті рет отырып шықты. Жігіттерді айтпағанда, олардың ішінде қаншама әпке-қарындастарымыз бар. Әйгерім Тілеужан қаншама рет қамауда болды?! Қазірдің өзінде қылмыстық іс жүріп жатыр. Арайлым Назарова деген қарындасымыздың қоғамға істеген жұмысына ат басындай алтын берсең де, аздық етеді. Сондықтан өзімді тек журналист ретінде жұмысым сіңді деп айта аламын.
Десек те, саясаткер болсын, қоғамдық белсенді болсын, журналист болсын, айналып келгенде, бәріміздің илегеніміз – бір терінің тұшпағы. Осы мемлекеттің мүддесі. «Мемлекет» дегенде, ұры билікті айтып отырғаным жоқ. Бұл ұры билік бәрібір құлайды, тіпті биыл құлайтынына сенімдімін. «Мемлекет» деп отырғаным – біздің Қазақ Республикасы демокартиялық ел болса екен деп жүрміз бәріміз. Сондықтан мені тек тәуелсіз журналист ретінде қабылдауларыңызды өтінемін.
Ыңғайы келіп тұр екен, сіздерге де қатысты айтарым бар. Соны айтып кетейін.
Ермұрат Бапи ағамыздың демократ екенін, осы бағытта үлкен еңбек атқарғанын білемін. Сонау 90-жылдары «ДАТ» газетін оқитынмын. Шаң мен май басқан газет осы «ДАТ» болатын. Пошташы басқа газеттерді бүктеулі күйі қалай әкелді, сол қалпында қалатын. Ал «ДАТ»-ты бүктеп алып, бірімізден-біріміз алып оқитынбыз. Бала кезімде қой жайып жүріп те «ДАТ»-ты оқыдым. Студент кезімізде қолтығымызға тығып алып, жатақханада оқыдық. Біздің өңірдің адамдары газетті көп оқитын.
Дегенмен «ДАТ»-қа бір датым бар. Сіздер оппозицияның шашбауын көтеріп жүргендеріңізге қанша жыл болды? Оппозицияның ішінде де оппозициясы бар. «Сен тұр, мен атайын» деген жігіттер қаншама?! Бірақ біздегі оппозиция тым ұсақталып кетті. Елге, демократияға, оппозицияға жандарыңыз ашыса, беттерінен тілу керек, қамшымен сабау керек! Аяудың қажеті жоқ. Оппозициясың ба, нақты не істейтініңді айт! Сенің қарарың, толтырған құжаттарың, жалынды сөздерің – бес тиын! Ондай сөздерді Назарбаев айтқан, енді Тоқаев та айтып жүр. Ондай сөзден де, жиналыстан да жалықтық. Телевизорды қосып қалсаң, интернетті ашып қалсаң – бітпейтін жиналыс, бітпейтін саммит. Халықтың алдына шығып, еш арандатусыз бейбіт митинг ұйымдастыра аласыңдар ма, билікке нақты ультиматум қойып, өз талаптарыңды орындата аласыңдар ма, марқұм Зәкең мен Алтекең секілді?! Істей алмасаңдар, ары тұрыңдар. Мен оппозиционермін деп, бала сияқты есік алдында шауып жүрмей, атқа қоныңдар! Атқа міне алмайсыңдар ма, онда түсіңдер деп айту керек.
Оппозицияның ішіндегі нағыз еркектерді көргім келеді. Ал қазіргі оппозицияның ішінде юбка кимесе де, шортымен жүргендей болып көрінеді. Сондықтан билікпен қатар оппозицияны да сынасаңыздар деген тілегім бар.
Сонымен қатар ешкімді бөліп-жармай, бірлікке шақырсаңыздар, бәріміз бір болып, саяси тұтқындарға бостандық талап етейік.
Жақсы жаңалық естідім, Жанболат Мамайдың ісі қылмыстық істен әкімшілік іске ауысыпты. Қуантарлық жаңалық! Ал тарих пәнінің мұғалімі Қалас Нұрпейісовке аэропортты басып алдың деген айып тағып, қылмыскер жасап отыр. Мен Қаласты танимын. Ол жігіт экстремист емес, тіпті бұзақы да емес. Темекі де шекпейді, спирттік ішімдік те ішпейді. Ешкімнің ала жібін аттап өтпеген періште жігітті экстремист жасамақшы. Сондықтан бәріміз бір жұдырық болып, Қаласты алып шығайық. Қосай батырды алып шығайық. Азапталды, оқ тиді, еңбектеп СИ-18-дің бетонында жүрді. Шыққан соң, күресін жалғастырып, қайта көтерілді. Қосай батырды алып шығайық.
Қысқасы, тәуелсіз журналистер мен блогерлердің басын қосып, бір бағытта, бір-біріміздің шашбауымызды көтеріп, сөзімізді сөйлеп, оппозициямызды дұрыс жолға салып, оларға ақпараттық қолдау білдіріп, үнін шығарып, оппозициямызға рух берейік! Халықты оятамыз деп айтпай-ақ қояйық, өйткені халық бізді оятты, мені оятты. Халық енді оппозицияны оятса екен деймін!

– Ашық та, батыл сұхбатыңыз үшін үлкен рақмет! Сіздің арман-тілегіңізге бірге жетейік!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,
«D»

«DAT». 03.10.2022.

Address


Website

Alerts

Be the first to know and let us send you an email when DAT posts news and promotions. Your email address will not be used for any other purpose, and you can unsubscribe at any time.

Shortcuts

  • Address
  • Alerts
  • Claim ownership or report listing
  • Want your business to be the top-listed Media Company?

Share

В апреле 2018 проекту «Дат» – 20 лет!

Газета «Дат» начала выходить 16 апреля 1998 года.

В апреле 1998 года вышел первый номер независимой газеты «Дат», которая стала одной из первых оппозиционных изданий Казахстана. В разные годы закрытая решениями судов, она выходила в рамках проекта под разными названиями: «СолДат», «Жума-Таймс», «Айна плюс», «Бугин-Сегодня» , “ Тасжарган” и другие.

Сейчас она называется «Общественная позиция» и является преемницей и продолжателем традиций проекта «Дат».

За эти 15 лет газета 12 раз меняла название, ее редакция около 50 раз привлекалась к суду, а ставший «главным читателем» — главный редактор Ермурат Бапи был осужден 2 раза по уголовным статьям и получил запрет заниматься издательской деятельностью.